Кез келген несие — бұл маңызды мәселе, сондықтан болашақта қиындықтарды болдырмау үшін несиені рәсімдеуге барлық жауапкершілікпен қарау керек.
Сонымен, несие алмас бұрын әлеуетті несие алушыға үш маңызды мәселеге назар аудару керек.
1. Мақсатыңызды анықтаңыз
«Неліктен несие алмақсыз?» деген сұраққа шынайы жауап беріңіз. Жалпы несие өте ыңғайлы қаржы құралы, бірақ оны дұрыс пайдалануды білу керек.
Несиелер мақсатты емес және мақсатты болып бөлінеді. Мақсатты емес несиелер — несие алушының әртүрлі қажеттіліктері үшін қаржы ұйымы белгілі бір соманы беретін несие. Ал мақсатты несиелер — нақты белгіленген мақсатпен: тұрғын үй, автокөлік сатып алу, білім беру және т.б. Несиелер несиенің максималды сомасымен, сыйақы мөлшерлемесімен, мерзімдерімен және кепілдігімен ерекшеленеді. Сондықтан несиенің қай түрі сізге сәйкес келетінін шешіңіз. Бұл, әрине, несиенің қандай мақсатқа жұмсалуы жоспарланғанына байланысты.
Әрине, сіз күмәнді жобаларға немесе ақшалай инвестициялар арқылы жоғары пайданы уәде ететін ұйымдарға инвестициялау үшін несие алмауыңыз керек. Мұндай жағдайларда сіз қаржылық пирамида желісіне оңай түсе аласыз.
2. Төлем қабілеттілігіңізді бағалаңыз
Сіз несие туралы шешім қабылдадыңыз деп есептейік және сіздің ойыңызша, бұл орынды. Екінші қадам сіздің қаржылық жағдайыңызды және төлем қабілеттілігін бағалау болуы керек. Өзіңізге екінші сұраққа жауап беріңіз: «Егер сіз кенеттен ауырып қалсаңыз немесе жұмысыңызды жоғалтсаңыз, несие бойынша төлем жасай аласыз ба?» Тұрақты табыс көзіне ғана сеніңіз.
Сіздің ай сайынғы несие төлеміңіз табысыңыздың 50%-дан аспауы керек, бұл өте маңызды. Тек осы жағдайда ғана ертеңгі күнге және несиені уақтылы өтеуге азды-көпті сенімді боласыз.
Айтпақшы, егер сіз несие алу туралы негізделген шешім қабылдасаңыз, оған өтініш бермес бұрын міндетті түрде несие тарихыңызды тексеріп алғаныңыз жөн. Себебі несие алушылар қаржылық алаяқтарға алданып, оларға басқа адамдардың несиелері ресімделген жағдайлар да болған. Сондықтан несие тарихын мерзімді түрде тексеріп тұру керек. Сіз мемлекеттік несиелік бюроға және Бірінші несиелік бюроға, сондай-ақ egov.kz портал арқылы жеке несиелік есепті ала аласыз.
3. Қаржы ұйымдары не ұсынатынын зерттеңіз
Несие нарығын зерттеңіз, несие алғыңыз келетін банктер мен микроқаржы ұйымдарының сайттарын бақылаңыз. Несие шарттары, қандай соманы алуға болатындығы, ай сайынғы төлем мөлшері, пайыздық мөлшерлеме, несие қалай төленеді, қандай мерзімде, несие алу кезінде комиссиялар бар ма, мерзімінен бұрын өтеу кезінде айыппұлдар, артық төлем қанша болатынын біліңіз.
Айта кету керек, заң банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несиені алуға, қызмет көрсетуге және өтеуге (қайтаруға) байланысты төлемдер туралы толық және шынайы ақпаратты ашуды талап етеді.
Осылайша, несие шартын жасамас бұрын банк немесе микроқаржы ұйымы танысу және несиені өтеу әдісін таңдау үшін өтініш берушіге әртүрлі әдістермен: аннуитеттік төлемдер әдісімен, сараланған төлемдер әдісімен және несиелер беру қағидаларында көзделген басқа да әдістермен есептелген өтеу кестелерінің жобаларын ұсынуға міндетті.
Сонымен қатар, қаржы ұйымы өтініш берушіге оның несие алуға байланысты құқықтары мен міндеттері туралы хабарлауы керек.
Демек, қаржы ұйымынан несие алу туралы шешім қабылдағанда, біріншіден, таңдамалы, екіншіден, ұтымды болу керек. Несиесіз өмір сүрген бәрібір жақсырақ. Ол үшін қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз, бюджетіңізді жоспарлауды және ақшаңызды дұрыс басқаруды үйреніңіз.