Әрбір адамның өмірінде несие алу үшін қаржы ұйымына жүгіну қажеттілігі туындауы мүмкін. Кейбіреулердің жеке баспанасы жоқ, көлік сатып алғысы келеді, балаларын жоғары оқу орындарына беру, тұрмыстық техника немесе басқа да тауарлар сатып алу қажет.
Несиелеу туралы шешім қабылдау үшін ең басты ереже – бұл өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді дұрыс есептеу және қолжетімсіз несиелерді алмау.
Бұл тұрғыда біз ірі несиелер туралы ғана емес, сонымен қатар көптеген шағын несиелер туралы айтып отырмыз. Несиелік міндеттемелер сізге және сіздің отбасыңызға ай сайынғы тамақтану шығындарына, коммуналдық төлемдерге және басқа да қажеттіліктерге қосымша ауыртпалық түсіретінін түсіну қажет.
Басқаша айтқанда, несие алу туралы шешім мұқият ойластырылған және қарастырылған болуы керек.
Ең алдымен, сіз үшін қолайлы несие беру шарттары бар несие берушіні таңдауыңыз керек және олармен несие алғанға дейін танысыңыз. Бұл банк немесе микроқаржы қызметімен айналысатын ұйым болуы мүмкін. Заңнамалық талаптарға сәйкес несиелеудің негізгі шарттары шарттың бірінші беттерінде көрсетіледі және онымен қол қойылғанға дейін танысу керек. Сондай-ақ, шартта жазылған басқа да шарттармен танысу қажет. Несие бойынша артық төлемнің жалпы сомасы көрсетілген өтеу кестесін міндетті түрде зерттеу қажет.
Несие беруші мен несие алушы тарапынан шартқа қол қойылғаннан кейін ол тараптардың өзара келісімімен жасалған болып есептеледі. Есіңізде болсын, ешкім де сізді қолайсыз немесе «кіріптарлық» шарттармен шартқа қол қоюға мәжбүрлей алмайды. Несие алу туралы шешімді әр адам өзі қабылдайды.
Ең бастысы, сіз несиені белгілі бір уақыт ішінде өтей алатындығыңызға сенімді болған жағдайда ғана алуға болатынын түсіну қажет.
Бірақ сіз қолда бар несиелер бойынша ағымдағы міндеттемелерді кедергісіз төлеуге мүмкіндік беретін қаржылық мүмкіндіктерді қаншалықты жақсы есептесеңіз де, өмірде күтпеген жағдайлар туындауы мүмкін, оған байланысты кесте бойынша төлемдердің уақтылы орындалмауы және мерзімі өткен берешек пайда болуы мүмкін, бұл несие берушінің айыппұл ықпалшараларын есептеуі себебінен несиелік жүктеменің ұлғаюына алып келеді.
Егер мұндай жағдай туындаса, несиені қайта құрылымдау нұсқаларын талқылау үшін несие берушіге уақтылы хабарласу өте маңызды. Оны алдын ала, мерзімін өткізіп алғанға дейін жасаған дұрыс.
Жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі заңнама деңгейінде регламенттелген.
Атап айтқанда, микроқаржылық қызмет туралы заңға сәйкес, шағын несие беру шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі өткен күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде несие алушы микроқаржылық ұйымға барып, жазбаша түрде немесе шағын несие беру шартында көзделген тәсілмен өтініш беруге құқылы. Өтініште міндеттемені орындау мерзімінің өту себептері көрсетіліп, табыстың төмендегенін растайтын құжаттар немесе шарт талаптарын өзгерту қажеттігін негіздейтін басқа да мән-жайлар қоса берілуі тиіс.
Микроқаржылық ұйым сіз ұсынған шарттарды өзгерту туралы өтінішті он бес күнтізбелік күн ішінде қарастырып, ұсынылған шарттармен келісетіні туралы жауап береді немесе берешекті реттеу бойынша өз ұсыныстарын ұсынады.
Несиені қайта құрылымдау сіздің несие тарихыңызға теріс әсер етпейді және жаңа, қолайлы бөліп төлеу кестесін құруға байланысты несие жүктемесін азайтуға көмектеседі.